Құрметті ардагерлер,
Сіздерді шын жүректен 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын!
Қария - ағып жатқан дария, телегей теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы, дарияның тазалығы қандай болса, біз де өздеріңізді сондай деп білеміз. Ақсақал-әжелер - халықтың тұнып тұрған хаты. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керек-ті.
Ал үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың орны біз үшін бөлек. Себебі, еліміздің өсіп-өркендеуіне әрқайсыларыңыздың қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.
Осыдан 29 жыл бұрын яғни 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Асылында, бұл дата – әлемдік дәстүрді ресми хаттаған күн.
Қарттары бар ел - бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман жүрсін, ұрпағының қуанышына бөленсін!
Құрметті ардагерлер, дендеріңізге саулық, отбасы-әулеттеріңізге амандық, Отанымызға бақ-береке тілеймін.