Жаз айлары - мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Бастауыш және орта буын сыныптарының балалары үшін бұл уақыт тән – тұрпаттың табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңитін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан ұстаз - тәрбиешілерге оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні зор. Бос уақыт дене және ақыл - ой қызметін тынықтыратын, қарым - қуатты жетілдіретін іс - әрекетке жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу – шыңдалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс - шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды. Осыған орай, балалардың жазғы демалысын ұтымды пайдалану мақсатында, олармен түрлі шаралар өткізуде тәрбиешілер: - балалардың жас ерекшелігін; - психологиялық ерекшелігін; - денсаулығын; - ұлттық ерекшелігін; - аймақтық ерекшелігін; - діл (менталитеттік) ерекшелігін; - жыныстық ерекшелігін; - қабілет - мүмкіндігін, т. с. с. ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескеруі қажет. Сонымен қатар, өткізілетін шаралар нәтижесі балаларға: - өз денсаулығы мен өзінің өсіп - жетілуіне мән беруге; - ойын әрекеті барысында ойлау әрекетінің де тиімді әдістерін меңгеруге; - достық, жолдастық, сыйластық, өзара көмек т. б. сияқты адами қасиеттерді ұғынуға; - туған жердің табиғатының және экологиялық маңызына мән беруге; - азаматтық - елжандылық сананы қалыптастыруға; - ұлттық және мәдени, тұрмыстық салт - дәстүр, және т. б. ұғымдарды меңгеруге қалыптастыру – тәрбиеші - ұстаздың басты міндеті.