Адам өмірінде ең бір ұмытылмас шақтар: ол мектеп қабырғасында ешбір қамсыз өткен аяулы шақтар.Қандай да бір пенде болмасын өзін бір кездері білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебіне өзін оқытқан аяулы ұстаздарына , сыныптас достарына арада қаншама жыл өтсе де сағынышпен аңсап жетері сөзсіз.
Осындай сағынышты кездесу жуырда Сейфуллин ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде өтті. Бұл мектепте ақпан айының бірінші сенбісінде «Түлектер кездесуі» атты кеш өткізу дәстүрлі шараға айналған. Осы әдеттен жазбай биыл да мұғалімдердің ұйымдастыруымен әдемі кеш өтті. Бұл кешке биылғы жылы 20 жыл, 30 жыл толған түлектер жиналды. Мектепке, достарына деген сағыныштары кеуделерін кернеп, әсем безендірілген залға барлығы көтеріңкі көңілмен кірді. Кеш үш жылғы түлектерді сыныпқа бөліп, әртүрлі тапсырмалар орындатып, сұрақтарға жауап берумен басталды . Мектеп өмірінен есте қалған қызықты сәттерді еске алды. Оқушы кездегі суреттерінен слайд көрсетілді. Мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Бір кезде тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған түлектер қазіргі уақытта еліміздің әр түкпірінде ел мұддесі жолында әр салада абыройлы еңбек етіп , ел басқарып жүрген азаматтар. Ғылым жолына түскен жандар қаншама .Өмірде әрқайсысы өз орындарын тауып, отбасын құрып, бала сүйіп мақсаттарына жеткен жандар.
Әр жылдың түлектері өздерінің жүрек жарды тілектерін айтып жатты. Өздері тәлім алған ұстаздарын әркез еске алып, ол кісілердің кілең бір адамгершілігі жоғары , білгір жандар болғанын мақтан ететіндіктерін айтты. Олардың жақсылығын ілтипатпен еске алып , алғыстарын білдіретіндіктерін жеткізді.
Біз де түлектерімізге сәттілік тілеп, әрқашан биіктерден көрініп , мектебіміздің мәртебесін көтере берсін демекпіз.